Директорлар кеңесі төрағасының жолдауы
2018 жылы «Эйр Астана» әуе компаниясы өз әлеуеті мен қолайсыз сыртқы ықпалдарға қарсы тұру қабілетін ғана емес, сонымен қатар, дамуға және бизнесті кеңейтуге даярлығын да көрсете алды.
Әуе тасымалдарының
орталықазиялық нарығындағы
көшбасшы позициясын нығайту

2018 жылы «Эйр Астана» әуе компаниясы өз әлеуеті мен қолайсыз сыртқы ықпалдарға қарсы тұру қабілетін ғана емес, сонымен қатар, дамуға және бизнесті кеңейтуге даярлығын да көрсете алды. Саладағы қиын жағдайға қарамастан, біз лайықты қаржылық нәтижелерге қол жеткізе алдық, бұл тиімді операциялық үлгі, әуе кемелері паркінің жоғары сапасы, сондай-ақ ресурстар мен маршруттар желісін сауатты басқару сияқты артықшылықтардың арқасында мүмкін болды. Сонымен қатар, біз даму перспективаларын талдау жұмысын жүргіздік және Компанияға таяудағы он жылда аймақтағы сенімді орынды қамтамасыз ететін бірқатар маңызды шараларды қабылдадық.

Есепті кезеңде Компанияның жолаушылар ағыны 3%-ға – 4,32 миллион жолаушыға дейін артты, халықаралық транзиттік тасымалдардың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 48%-ға едәуір ұлғайды. Халықаралық тасымалдар сегментіндегі транзиттік жолаушылар үлесі 32%-ды құрады, бұл Қазақстанның Еуразияның қақ ортасында, Қытайдың, Үндістанның және Ресейдің белсенді түрде өсіп келе жатқан әуе тасымалдары нарықтарына жақын географиялық орналасуының өсе түскен маңыздылығын растайды.

«Эйр Астана» Қазақстанның әуе тасымалдары нарығында да, көршілес елдердің жылдам өсіп келе жатқан нарықтарында да айқын артықшылыққа ие: Компания жолаушыларды жаңа, ең заманауи және үнемді ұшақтармен тасымалдайды. Нарық көшбасшысы ретінде біз жолаушыларға баға мен сапаның оңтайлы арақатынасын ұсынамыз, жайлылықтың жоғары деңгейі мен рейстердің уақтылы жөнелтілуін қамтамасыз етуге ұмтыламыз. Нақ осы себептен Компания әрдайым салада лайықты танымалдыққа ие болады. 2018 жылы «Эйр Астана» Skytrax агенттігінің нұсқасы бойынша жетінші рет қатарынан Орталық Азия мен Үндістандағы ең үздік әуе компаниясы болды. Бұдан басқа, біз TripAdvisor Travellers’ Choice 2018 сыйлығының лауреаттар тізіміне ендік және APEX (Airline Passenger Experience Association) америкалық қауымдастығының ең жоғары 5 жұлдыз бағасына лайық деп танылдық. «Эйр Астананың» рейстердің уақтылы орындалу рейтингтерінде алатын позициясын ерекше атап өткен жөн: әлемдегі ең тиянақты әуе компанияларының арасында – 12-ші орын және Азия-Тынық мұхит аймағында – 7-ші орын. Еңбегіміздің осындай жоғары бағалануы Компания басшылығы мен «Эйр Астананың» операциялық қызметі үшін жауап беретін мамандардың тиімді жұмысының арқасында мүмкін болды.

Өнімділіктің осындай жоғары деңгейі біздің өсуімізге мүмкіндік береді, сонымен қатар, жаңа маршруттарға сенімді қадам басу және басқа негізгі әуе компанияларының сеніміне қол жеткізіп, олармен маңызды кодшерингтік келісімдер жасасу мүмкіндігін береді. 2018 жылы біз Франкфуртқа, Қазанға және Түменге жаңа маршруттардың ашылуы, сондай-ақ Астанадан Мәскеуге, Лондонға (Хитроу әуежайы), Омбыға, Дубайға, Делиге және Алматыдан Душанбеге, Гонконгқа, Сеулге және Бішкекке қосымшажиіліктердің енгізілуі арқасында тасымалдау сыйымдылығын 5%-ға арттырдық. Санкт-Петербургке, Бангкокқа, Ташкентке және Киевке қосымша рейстер қосылды. Наурыз айында «Эйр Астана» өзінің 11-ші серіктесі – Cathay Pacific әуе компаниясымен кодшерингтік келісім жасасып, бұл жолаушыларға Гонконг арқылы Азия мен Австралияға саяхаттау кезінде қолайлы тоғысуларды қамтамасыз етті.

Осы нарықтардың арасындағы ішкі жолаушылар ағыны, төмен базамен болса да, кеңейіп келеді. Транзиттік тасымалдар ең жылдам өсетін сегментіміз болып қалады, өйткені Қазақстанның Қытай мен Еуропаның, соның ішінде Ресейдің арасында жолаушылар ағынын тартуға барлық мүмкіндіктері бар. Осы сұранысты қанағаттандыру үшін біз өзіміздің әуе кемелері паркімізді кеңейтудеміз және 2018 жылы 17 әуе кемесінен тұратын жалпы тапсырыстың бір бөлігі ретінде A321neo үлгісіндегі үшінші ұшағымызды, сондай-ақ ТМД-дағы бірінші Embraer E190-E2 ұшағының жеткізілімін қабылдадық, қалғандарын жеткізу 2019 жылға жоспарланған. 2026 жылға қарай біз барлық бағыттарымызды орындай алатын, нарықтағы ең үнемді тар фюзеляжды ұшақтардан тұратын әуе кемелері паркімізді 60-тан астам ұшаққа дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз.

Біздің 2018 жылғы жетістіктеріміз бен қазіргі ұмтылыстарымыз осымен аяқталмайды. Жылдың екінші жартысында Директорлар кеңесі басшылық құрамның қолданыстағы стратегиямызды жаңарту және Орталық Азияда төмен бюджетті тасымалдаушылардың игерілмеген тауашасындағы айқын олқылықтың орнын толтыру бойынша қабылдаған шараларын қолдады. Қараша айында біз, «Эйр Астанамен» қатар, ұшу сапарларын орындайтын төмен бюджетті тасымалдаушы – FlyArystan компаниясының іске қосылатындығы туралы жарияладық. Қазақстандағы ішкі әуе тасымалдарының нарығы өсіп келеді, бірақ, біздің өз деректеріміз бойынша, қазіргі халықтың 10%-ға жуығы ғана ел ішінде әуе көлігін пайдаланады: нарықты ынталандыруға едәуір мүмкіндіктің бар екендігі айқын. Біз төмен бюджетті тасымалдаушы үлгісі мен оның баға белгілеу құрылымы әлі ұшақпен ұшып көрмеген аймақ халқының едәуір бөлігі үшін тартымды болады деп есептейміз, бұл Компаниямыз үшін елеулі өсімге алып келеді. Оның бастапқы мақсаты ішкі нарық болғанымен, біз төмен бюджетті тасымалдаушылардың қызметін әлі пайдаланбаған Орталық Азияның көршілес нарықтарын да қамтығымыз келеді. Көптеген жылдар бойы қызметтердің толық кешенін ұсынатын әуе компаниясын төмен бюджетті тасымалдаушының шығындар құрылымымен басқара алғандығымызды ескергенде, бұл бастаманың үлкен табысқа ие болатындығына толық сенімдіміз.

Сондықтан біздің өз қызметімізді жоғары өсім деңгейіне дайындауымыз қажет екендігі анық. 2018 жылдың басында Астана әуежайында Орталық Азиядағы бірінші техникалық орталығымызды пайдалануға енгіздік, ол бізге өз паркімізді ұстауға және Қазақстанға рейстерді орындайтын бөгде әуе компанияларына қызмет көрсетуімізге мүмкіндік береді. Жаңа авиациялық механика мектебі ашылған соң, объект бұрынғыдан да маңыздырақ бола түсті. Бұл «Эйр Астананың» Қазақстандағы ең дарынды түлектерді іріктеп, оларды әлемдік деңгейде оқытып-үйретуге, ал біліктілік алғаннан соң мансап жолына салатын ауқымды инвестицияларының айшықты көрінісі болып табылады. Жетекші техникалық мамандарды даярлаудан басқа, біз сондай-ақ таяудағы жылдарда «Эйр Астана» әуе компаниясының жиынтық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін шамамен 200 жаңа ұшқышты даярлау қажеттігін қарастырамыз, олардың көбі Қазақстанда қабылданады және халықаралық ұшқыштар мектебінде білім алады. Бұл қажеттілікті қанағаттандыру үшін «Эйр Астана» Ab-initio бағдарламасын әзірледі, осы бағдарлама шеңберінде ұшу тәжірибелері жоқ кадеттер ең үздік халықаралық практикаларға сәйкес толық дайындалған ұшқыштарға айналады. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін мектеп түлектерінің осындай тамаша мүмкіндік туралы хабардарлық деңгейін үнемі арттырып отыру қажет. Бізде қазірдің өзінде A320, B767 және E190 әуе кемелерінің борттарында капитандар және екінші ұшқыштар ретінде ұшатын 178 кадетіміз бар, оқып-үйрену сатысындағы кадеттеріміз де бар.

Біз Қазақстан экономикасына және жалпы қоғамға қосқан үлесімізді мақтан тұтамыз. Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік саласындағы ауқымды күш-жігер осы есептің 26-бетінде қарастырылған, сонымен қатар, корпоративтік басқарудың халықаралық стандарттарына сәйкес келуге ұмтылуымыздың арқасында 2018 жылы басқару рәсімдерімізді қалай жақсартқанымыз туралы егжей-тегжейлі баяндалатын 50-бетті атап көрсеткім келеді.

Қорыта келе, ұйымшыл басқарушы және операциялық командамызға алғысымды білдіргім келеді. 2018 жыл жақсы корпоративтік жоспарлау мен операциялық тиімділіктің жоғары деңгейі арқасында табысты болды. Қазіргі уақытта біздің күш-жігеріміз 2026 жылға дейінгі жоспардың табысты іске асырылуын қамтамасыз етуге бағытталған, біз сіздермен табыстарымызды бөлісу мүмкіндігін асыға күтеміз.

Ізгі ниетпен,
Нұржан Байдәулетов,
Директорлар кеңесінің Төрағасы
Президенттің жолдауы
Мінсіз абырой-беделіміздің және жоғары сапалы сервисіміздің есебінен біз тарифтердің өзгеруіне төзімді сегмент үлесін арттыруға, сонымен қатар, FlyArystan компаниясын құру арқылы төмен кірісті сегмент үлесін қалыптастыруға ұмтыламыз. Соңғысы бізге төмен шығынды негізде ішкі және аймақтық әуе тасымалдарын ұлғайту мүмкіндігін береді.
Жоғары стандарттарға сай әуе
тасымалдаушысының абырой-беделін
сақтай отырып

2018 жылы біз, макроэкономикалық қиындықтарға қарамастан, кірістілігімізді сақтап қалдық. «Эйр Астана» компаниясының таза пайдасы 86%-ға – 5,35 миллион АҚШ долларына дейін азайды. Тасымалдау сыйымдылығының көрсеткіші 5%-ға ұлғайып, жалпы кіріс 10%-ға – 840,86 миллион АҚШ долларына дейін артты, ал жалпы шығыс 14%-ға артты. Әуе компаниясы 4,32 миллион жолаушы тасымалдады, бұл былтырғы жылдан 3%-ға көп.

Тасымалдау сыйымдылығының болмашы өсуіне қарамастан, негізінен 2017 жылмен салыстырғанда әуе отыны құнының 26%-ға артуына байланысты 2018 жыл қиын болды. Әуе компаниялары мұнай мен отын бағасының өсуі жағдайында өз әрекеттерінде шектеулі болады, өйткені отынға жұмсалатын шығындар жалпы шығындардың шамамен 30%-ын құрайды, бұл ең ірі шығын сегменттерінің бірі болып табылады. Соңғы жылдары салада жиі орын алып отырғандай, отын бағаларын хеджерлеу тәуекелді процесс болып табылады, біздің жағдайымызда, қалай болғанда да, отынның 70%-ы Қазақстанда сатып алынады, ал мұнда отынның құнын мұнайдың әлемдік бағаларымен байланыстыратын формула жоқ. Сондықтан хеджерлеу нұсқа ретінде қарастырылмайды. Отынмен байланысты емес өзге шығындарды басқару бағдарламасын тиімді іске асыру жалғастырылуының арқасында жалпы үлесті өзіндік құн көрсеткіші бәсекеге аса қабілетті болып қалып, бір шекті жолаушы-километр үшін 5,6 АҚШ центін құрады, бұл – саладағы ең төмен көрсеткіштердің бірі. Компания 2018 жылы ұшырасқан тағы бір маңызды мәселе Airbus neo паркі жабдықталған Pratt & Whitney редукторлы қозғалтқыштарымен байланысты жалғасып отырған проблемаларға саяды.

Ұшу барысында қозғалтқыштар тоқтап қалған және ауыстырылған жағдайлардың саны қабылдауға болатын деңгейден едәуір асып кетті, бұл клиенттерімізге қолайсыздықтар тудырды: ұшу сапарларының кестесі орындалмай, кейіннен жаңа ұшақтардың кешіктіріліп жеткізілуіне байланысты кірісті жоғалтуға алып келді.

Дәстүрлі түрде «Эйр Астана» мұнай бағасының ұлғаюынан белгілі бір пайда көретін, өйткені өсімнің жергілікті экономикаға тигізетін, елеулі дәрежеде мұнайдан түскен кіріске байланысты болатын ықпалы тұтынушылық шығыстардың артуынан және инвестицияларды тартудан тұратын. Бұл пайымдауды сондай-ақ түсім 14%-ға ұлғайған жылдың алғашқы 8 айына қатысты деуге болады. Алайда қыркүйек айынан бастап біздің Қазақстан мен Ресейдегі ең ірі нарықтарымызда сату көлемі едәуір қысқарды, ол сондай-ақ Қытайда да төмендеді. Қазақстан мен Ресей жергілікті валюталардың жалғасып отырған тұрақсыздығына және саяхаттаудың неғұрлым бюджеттік нұсқаларына көшуге байланысты тұтынушылық шығыстардың азаюынан зардап шекті. Бұл біздің төмен бюджетті әуе компаниясын іске қосу туралы шешім қабылдауымызда негізгі фактор болды, ол жөнінде алдағы уақытта әңгіме қозғайтын боламыз. Негізгі нарықтардың әлсіреуі Үндістанда, Түркияда, Өзбекстанда және Гонконгта сату көлемінің жалғасып отырған өсуімен ішінара өтелді. Алтыншы жыл қатарынан транзиттік бизнестің (бостандықтың алтыншы дәрежесіндегі тасымалдар) едәуір ұлғаюы байқалып отыр, ол 48%-ды – 722 769 жолаушыға дейінгі шаманы құрады. Бұл сегментке 2012 жылы нөлдік деңгейді құрады деуге болатын халықаралық жолаушылар ағынымыздың үштен бір бөлігі тиесілі. Бостандықтың алтыншы дәрежесіндегі тасымалдардың екінші жағы – қағида бойынша, төмен кірістілік және әлдеқайда жоғары бәсекелестік, өйткені қызметтердің толық спектрін ұсынатын әлемдік әуе компанияларының көбі Шығыс Азия, Еуропа, Ресей, Үндістан және Солтүстік Америка ірі халықаралық нарықтарында айтарлықтай қатаң бәсекеге түседі.

Алайда, шығындарды басқару жүйеміздің және аймақты білуіміздің арқасында біз орта және ұзақ мерзімді перспективада транзиттік жолаушылардың едәуір өсу әлеуеті байқалатын Орталық Азия нарығында айқын артықшылыққа ие екендігімізге сенімдіміз.

Әуе компаниясының тарихында 16 жылда алғаш рет ішкі маршруттар бойынша (Қазақстан шегінде) тасымалданған жолаушылар саны азайды. Ішкі нарықтың жалпы көлемі сәл-пәл өскендігіне қарамастан, ішкі нарықтағы «Эйр Астана» компаниясының үлесі 45%-ға дейін азайды. Бұған себеп – нарықта төмен тарифтерді ұсынатын үш ішкі бәсекелестің болуы, бұл Қазақстанды, халқының саны салыстырмалы түрде аз болуын ескере отырып, әлемдегі ең бәсекеге қабілетті әуе тасымалдары нарықтарының бірі етеді. Сондықтан 2018 жылдың соңында біз жеке FlyArystan төмен бюджетті еншілес әуе компаниясын құру туралы шешім қабылдадық. Ол бастапқыда, жеке бөлініп шыққанша (ең кеш дегенде – 2020 жылдың басына дейін) «Эйр Астана» бөлімшесі болады, бірақ қауіпсіздік себептері, сондай-ақ коммерциялық себептер бойынша толық біздің меншігімізде болады. FlyArystan ұшу сапарларын бастапқыда «Эйр Астана» компаниясынан алынатын Airbus 320 әуе кемелерімен 2019 жылғы мамыр айында ішкі рейстерден бастайды деп күтілуде. Сыйымдылығы – эконом-кластағы 180 жолаушы орны. FlyArystan соңғы 15 жылда әлемдік туристік нарықтардың көпшілігінде аса табысты болған төмен бюджетті әуе компанияларының классикалық үлгісін қайталайтын болады.

Әуе компаниясы операциялық сенімділікке және клиенттерге қызмет көрсетудің жоғары сапасына ерекше назар аударуын жалғастырады.

«Эйр Астана» – «Орталық Азия мен Үндістандағы ең үздік әуе компаниясы» номинациясында Skytrax сыйлығының жеті мәрте лауреаты, сондай-ақ, Ресей мен Орталық Азиядағы бірнеше басқа наградалармен қатар, Trip Advisor сайтының «Аймақтық Азия тасымалдаушысы» жеңімпазының медалімен марапатталды. Біздің рейстердің тиянақтылығы бойынша 86% деңгейіндегі көрсеткішіміз 2017 жылғыдан біршама жоғары, бұл бізді тағы да халықаралық рейтингтер кестелерінің жоғарғы жағына көтерді.

2019 жыл қарсаңындағы біздің басты міндетіміз – әлемдік әуе тасымалдарының өсуі бәсеңдей бастауының анық белгілері байқалып отырғанда, әлсіз ішкі және аймақтық нарықтарда кірісті ұлғайту. Осыған байланысты біз, бір жағынан, мінсіз абырой-беделіміздің және жоғары сапалы сервисіміздің есебінен өз бизнесімізде тарифтер деңгейіне сезімтал емес сегменттің үлесін арттыруға, екінші жағынан, FlyArystan компаниясын құрудың арқасында бағаларға сезімтал, төмен кірісті сегмент үлесін қалыптастыруға ұмтыламыз. Соңғы міндетті шешу бізге, кіріс мөлшері мен деңгейі ұқсас елдермен және аймақтармен салыстырғанда, төмен шығынды негізде ішкі және аймақтық әуе тасымалдарын ұлғайту мүмкіндігін береді.

Мен әдеттегідей, мүмкіндікті пайдалана отырып, акционерлеріміз – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына және BAE Systems компаниясына, менің адал және еңбекқор әріптестеріме және бейілді клиенттерімізге осынау қиыншылығы мол жыл бойында үнемі қолдау көрсетіп келгендері үшін алғысымды білдіргім келеді.

Ізгі ниетпен,
Питер Фостер
Президент